Колледж миссиясы: Қоғам талабына сай адамзаттық рухани құндылықтар мен қалыптасқан білімді, жаңашыл, құзыретті мамандарды дайындау
Қаз Рус Eng
» » «Елдің ертеңі кемел білім мен ана тілінде» тақырыбында «қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті» пәндер апталығының ашылу салтанаты өткізілді.
Колледж жаңалықтары

«Елдің ертеңі кемел білім мен ана тілінде» тақырыбында «қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті» пәндер апталығының ашылу салтанаты өткізілді.

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде 2019 жылдың 05 желтоқсанында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Масатова Самал Табылдықызының ұйымдастыруымен «Елдің ертеңі кемел білім мен ана тілінде» тақырыбында «қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті» пәндер апталығының ашылу салтанаты өткізілді.
2019 жыл барша халқымыз әсіресе әдебиет сүйер жұртшылық үшін мерейлі мерейтойларға толы жыл болды. Атап айтсақ; Ә.Тәжібаевтың 110 жылдығы, Ә. Марғұланның 115 жылдығы, І.Жансүгіров пен С. Сейфуллиннің, Б. Майлиннің 125 жылдығы, С. Жиенбаевтың 85 жылдығы, Ж. Аймауытовтың 130 жылдығы, Ә.Нұрпейісов пен Б. Соқпақбаевтың 95 жылдығы, Ә. Кекілбаев пен Ф. Оңғарсынованың 80 жылдығы. Міне, осы ақын - жазушылардың мерейтойларын атап өтіп, кейінгі жастарға дәріптеу мақсатында бірлестіктің жоспарына енгізіліп, апталықта ашық сабақтармен қатар тағылымды тәрбиелік шаралар өткізу жоспарланды. Ашылу салтанатында апталықтың мақсаты мен жұмыс жоспары таныстырылып, әрі қарай Б. Соқпақбаевтың әдеби кешіне жалғасты. Б. Соқпақбаевтың өміріне келетін болсақ, оның балалақ шағы ауыр жағдайда өтті. Жоқшылық, жетімдік сияқты ауыр жайттарды басынан өткерді. Осы туралы шағын «Сен білесің бе?» анимациялық фильмі көрсетіліп, жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндалды.
Б. Соқпақбаев – қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен, шындықты қарапайым әңгімелеу арқылы мөлдіретіп, көз алдыңа жайып салатын, кейіпкерлерді даралау мен психологиялық бейнелеудің де өзгеше бір жолын тапқан талантты жазушыларымыздың бірі. Шара барысында «Менің атым Қожа» шығармасынан көріністер көрсетіліп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жазушы туралы көрікті ойлар айтқан С. Мұратбеков, М. Әлімбаев, Т.Ахтановтың айшықты ойлары тыңдалды.Шара барысында билер биленіп, әндер айтылды.
Қорытындысында колледж директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Баймұханова Гүлжан Қыздарбайқызы және бірлестік жетекшісі Қалағанова Гүлнар Салахидденқызы сөз алып, осы шараға қатысқан барлық студенттерге ризашылығын білдірді.
Тау биіктігімен, теңіз тереңдігімен, дала кеңдігімен көрікті десек, прозалық шығармаларымен көрікті болған, балалар әдебиетінің бәйтерегі Б.Соқпақбаевтың шығармалары өміршеңдігімен ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні сөзсіз.