Колледж миссиясы: Қоғам талабына сай адамзаттық рухани құндылықтар мен қалыптасқан білімді, жаңашыл, құзыретті мамандарды дайындау
Қаз Рус Eng
» » "ЕРЛАННЫҢ ЕР ҚИМЫЛЫ"
Колледж жаңалықтары

"ЕРЛАННЫҢ ЕР ҚИМЫЛЫ"

ЕРЛАННЫҢ ЕР ҚИМЫЛЫ
Ұстаз үшін дүниедегі шын бақыт алдында отырған шәкірттерінің білімді, қайырымды болып, өмірде адаспай өз орнын тауып, толыққанды адам болғаны. Сол үшін де уақытпен санаспай, сан мыңдаған шәкіртке білім мен тәрбие беріп, аянбай еңбектенеді. Болашақтарынан үлкен үміт күтеді. Кейін сол үміттері ақталып жатса, ұстаздар үшін одан асқан бақыт та, марапат та жоқ. Сабаққа алғыр, зерек, ынталы, терең білімі мен отбасынан алған дұрыс тәрбиесін байқата білген студенттердің әр ұстаздың есінде қалары анық. Сондай шәкірттердің бірі, бүгінгі мақаламның кейіпкері - Салықов Ерлан.
Бала кезден бойына қанат бітіріп, қиялын шарлатқан ұстаз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған Ерлан 2003 жылы Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі «Шетел тілі» бөлімінің «Негізгі мектеп шетел тілі» мамандығына студент болып қабылданды. 4 жыл бойы Ерлан сабақты өте жақсы оқып, қоғамдық жұмыста да белсенділік танытып, курстастары ғана емес, бүкіл бөлім студенттеріне үлгі бола білді. Кураторы Әжібаева Жәния Әжібайқызының да, дәріс беретін барлық ұстаздардың да сүйікті шәкірттерінің бірі еді. Студенттердің облыстық, республикалық, халықара-лық конференцияларына мазмұнды баяндамаларымен қатысып, тек бірінші орындарды иеленсе, пәндік олимпиадаларда да үнемі терең білімімен топ жаратын. «Өзін-өзі басқару» ұйымының жетекшісі бола жүріп, колледж ішіндегі түрлі шаралардың ұйымдастырушысы болды. Сол кезде бөлімді басқарған Шанбаева Жаңыл Абабикирқызымен бірге талай жұмыстарды жоғары дәрежеде ұйымдастырып, бөлімнің алдыңғы орыннан көрінуіне атсалысты.
Колледж қабырғасында жүріп «Ренессанста» аудармашы қызметін атқарған Ерлан 2007 жылы оқуын үздік аяқтап, сол жылы «Паркер дриллинг» компаниясына аудармашы болып орналасты. Кейін материалмен қамтамасыз ету, сақтау бөлімінде маман, одан кейін супервайзер қызметін 2012 жылға дейін атқарады. 2013 жылы НКОК компаниясында материалдарды инспекциялау бөлімінде қызмет етсе, 2014 жылы ТШО компаниясына логистика координаторы болып ауысады. 2019 жылы НКОК компаниясына материалмен қамтамасыз ету инженері болып орналасқан ол бүгінгі күнде осы компанияда абыроймен еңбек етуде.
Араға 13 жыл салып, Ерлан оқу орнына, өзі оқыған бөлімге келіп, өз атынан бөлім ұстаздарына жиҺаз жабдықтарды сыйға тартты. Бұл біз, ұстаздар үшін зор қуаныш болды. Себебі, осыдан Ерланның ұстаздарына деген терең құрметін, ыстық ықыласын, риясыз көңілін көрдік.
Шәкірттерін біліммен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп жүрген сәтінде ұстаз олардан алғыс аламын, есінде қаламын деп ойламайды. Түлектеріміз оқу орнынан бойына білім мен ізгілікті жинаған адам болып шығып, лайықты азамат болып қалыптасса деген тілектің артында жүреді. Десек те, олар ұмытпай, іздеп келіп, құрметін көрсетіп жатса, жүрегіңе жылы тиеді екен. Сондықтан, ұстазды құрметтеп, қадірлеу - шәкірттің борышы деп есептеген Ерланның ізеті бізді тебірентті. Адами қасиеті мол осындай шәкірт тәрбиелей алған қай ұстаз да бекер еңбектенбеген деген ойға қалдық.
Ерланға шынайы ризашылығымызды білдіре отырып, осы азаматтық қалпыңнан тайма, әрдайым өмірдің өрінен, табыстың шыңынан көріне бер деп тілегімізді айтамыз.
Масатова Самал Табылдықызы
Қ.Дүтбаева атындағы Атырау
гуманитарлық колледж оқытушысы,
п.ғ.магистрі