Колледж миссиясы: Қоғам талабына сай адамзаттық рухани құндылықтар мен қалыптасқан білімді, жаңашыл, құзыретті мамандарды дайындау
Қаз Рус Eng
» » Мәртебеңіз биік болсын, Мұғалім!
Колледж жаңалықтары

Мәртебеңіз биік болсын, Мұғалім!

Мәртебеңіз биік болсын, Мұғалім!
Асқарова Армангүл Қаленқызы- Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің педагогика,психология пән оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі
Ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» (әл-Фараби) жандарға ілтипат таныту– адамгершіліктің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірт ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайды.
Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Абылай хан - Төле биді, Шәкәрім - Абайды, Бердақ - Күнқожаны, Жамбыл - Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алса, «Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі шәкірттің болашақ азығы.
Ұстаз мамандығының беделін арттыру кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі саналады.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес отандық ұстаздар қауымының кәсіби қызметіне ерекше көңіл бөлініп, педагогтердің мәртебесін арттыратын арнайы заңның қабылдануы өткен жылдың ұмытылмас қуанышы болды. Еліміздегі ұстаздардың беделін биіктетіп, абыройын арттыруға мүмкіндік беретін құқықтық құжаттың әріптестер мерейін өсіретіндігіне сенім мол.
Негізінен 4 бағыты, 19 бабы бар «Педагог мәртебесі туралы» Заңда педагог мәртебесі мен кәсіптік қызметін іске асыру кезіндегі құқықтары айқындалды.
Заңның баптарын зерделей оқыған адам мемлекет тарапынан қолдау мен көмектің кешенді шаралары қарастырылғанын айқын аңғарады. Атап айтқанда, әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қорғалуы мен міндеттемелер жүктемесін азайтуға және материалдық жағдайын жақсартуға қазына қорынан қомақты қаржы жұмсау жоспарланған. Сондай-ақ, "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағын және оны иеленген ұстазға айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мқлшерінде біржолғы сыйақы беру көзделіп отыр.
Сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақыны екі есеге өсіру, еңбек демалысының мерзімін 56 күнге дейін ұлғайту, PhD бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін, ғылым кандидаты ғылым дәрежесі үшін, ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін үстемақы төлеу және тәлімгерлік мәселелердің ұсынылғанына ризашылылығымыз шексіз. Сондай-ақ халықаралық олимпиадалар, конкурстар, спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке сыйақы берілетіндігі де жағымды жаңалық деуге болады. Біз үшін ең бастысы осы уақытқа дейін жеткілікті мән берілмей келген маңызды мәселелердің оңтайлы реттелуі.
Халқымыздың батыры Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген болатын. Еліміздің қарқынды дамуына ұлтжандылықпен қызмет жасайтын жігерлі жастарымызды қалыптастыруға қосатын үлесіміз сүбелі болсын!
Мәртебеңмен, Мұғалім!