Колледж миссиясы: Қоғам талабына сай адамзаттық рухани құндылықтар мен қалыптасқан білімді, жаңашыл, құзыретті мамандарды дайындау
Қаз Рус Eng
» » Колледж тарихы
Колледж туралы

Колледж тарихы

Тарихы терең, тағылымды білім ордасы
(Тарих беттерінен)
 
       Қазіргі Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі — облыс өңіріндегі тұңғыш білім ордасы. 1929 жылы Гурьев педагогикалық техникумы болып ашылып, Педагогтік техникумның ашылуы ВКП(б) Орталық комитетінің 1930 жылғы 25 шілдедегі жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру қаулысына сай келді. Партия қаулысын жүзеге асыруға Гурьев партия, кеңес ұйымдары қарқынды жұмыс жасап, халық ағарту ісіне қаражат көптеп бөлінді. Облыс мектептеріндегі оқушылар санының артуы, мұғалімдер тапшылығын туғызды. Гурьев педтехникумның жанынан 60 адамдық 8 айлық дайындық курсы ашылды. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының түлегі, математика пәнінің оқытушысы, педтехникумның тұңғыш директоры-Нұрғали Нұржігітов пен алғашқы ұстаздары В.Х.Сухарева, Г.И.Капкин, З.А.Барисович, ерлі-зайыпты Назаровтар Атырау өңіріндегі педагогикалық оқу орнының қалыптасу және дамуына елеулі еңбек сіңірді.1931 жылы 147 студент оқыды, оның 105-і ВЛКСМ мүшесі болды. Техникумды алғаш 1932 жылы бітірген Қ.Рысмағанбетов, О.Шонаев, Ж.Мшанов, Т.Архиреева сияқты түлектер елге танымал оқу-ағарту саласының қызметкерлері атанды.1933 жылы педтехникум педагог кадрлармен толықтырылды. Ресейдің жоғарғы оқу орындарынан Д.Е.Солид, С.Т.Андреева, Е.Е.Седых, В.И.Кочерев, Е.Е.Петров сынды білімді мамандар келсе, Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының алғашқы түлектері Шоқан Қаржауов, Қамаш Тәжібаев, Масат Құрманғазиевтер облыстық ағарту ісін дамытуға ерекше үлес қосты. Қаржауов Шоқан 1934-1940 жылдар аралығында педтехникумның директоры болды.1936 жылы педтехникумды 48 адам бітірді. Барлығы да қазақ ұлтының өкілдері. Мұхтаров Мұхит, Юсупов Төлеғали, Қарабалин Ғилман, Кенжегалин Қожантай, Шереубаев С., Динов Қонысбай, Оразалин Қуан, Қанашева Зинеш, Сүлейменовтер оқу орнының үздік түлектері.1937 жылы Гурьев педагогика училищесі болып қайта құрылды. Бұл жылдары оқу орнының оқу-материалдық базасы нығайды, студенттердің саны артты. Бастауыш кластар үшін мұғалімдер даярлайтын екі кластық курс ұйымдастырылды, кешкі және сырттай бөлімдер ашылды.1937-1938 оқу жылында педагогикалық училищенің мектеп бөлімінде 360 студент білім алды.1938-1939 оқу жылында 22 оқытушы еңбек етті. Соғысқа дейінгі жылдарда педагогикалық училищеде жемісті еңбек етіп, 1941 жылы училище директоры болған Сұлтан Жұрынтаев Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан. Ол Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген, жоғары білімді физика-математика пәнінің оқытушысы болатын. Арыстан Таманов (соғыстан оралмаған), Төлеген Малаев, Ли Ден Рук (Қиыр пединститутының түлегі), Шарипа Жүзбаева т.б. ұстаздар сұрапыл соғыс жылдары жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, аянбай еңбек етті.1938-1939 оқу жылында орыс тобы ашылып, 30 оқушы қабылданды. Сырттай оқу бөлімінде 280, ал кешкі бөлімде 25 адам дәріс алды.16 топта 450 оқушы оқыды, оның 100-і қыз балалар болды. Бұл жылдары облыс мектептеріне бастауыш мектеп оқытушылығы бойынша-66, тарих пәнінен-20, тіл және әдебиет пәнінен-25, барлығы 111 арнаулы орта білімді мұғалім жолданды.1940 жылы облыс бастауыш және орталау мектептері 155 оқытушымен толықтырылды. 1932-1940 жылдары барлығы 600 түлек облыстың бастауыш және орталау мектептерінде оқытушылық еңбек жолдарын бастады. Ұлы Отан соғысы жылдарында оқу орны білім беру жұмысын тоқтатқан жоқ. Соғыс және соғыстан кейінгі жылдарда училищені Е.Насенкова, Плотникова, Жоламанов, Құлманов басқарса, 1946-1949 жылдары-Н.Жаленов директор болды.Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында бүкіл Кеңес халқымен бірге училище оқытушылары, студенттері және түлектері майданға атанып, майданда Отан үшін от кешті, жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсете білді. Олардың көбі соғыстан оралған жоқ. Ұлы Отан соғысына қатысқан колледж директоры Шоқан Қаржауов, түлектер Ленин орденді ұстаз, ғалым Сабыр Қазыбаев, А.Өмірзақов сынды азаматтар елге аман оралып, әртүрлі жауапты қызметтерде жасап, елге елеулі еңбек етті.1949-1956 жылдар аралығында педагогикалық училищені Алматы қаласынан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген Дүтбаева Қатира Ермекқызы басқарып, оқу орнының дамуына үлкен үлес қосты. Ол училище бағдарламасына өзгерістер енгізуге көп көңіл бөлді. Бұл жылдары педагогикалық училище облыстың шалғай елді мекендеріне аса қажетті педагог кадрларын дайындау орталығына айналды. 1954-1955оқу жылында үш түрлі: бастауыш класқа сабақ беретін мұғалімдер, балабақшаның тәрбиешісі, 5-7-сыныптарға дене шынықтырудан сабақ беретін ұстаздар мамандықтары ашылды.1956-1958 жылдары облыстың шалғай елді мекендеріне аса қажетті ұстаздар даярлаудың орталығына айналған училищені К.Д.Шмелев, Ф.Жанахметовалар басқарды.1958 жылы училищеден 26-шы рет соңғы түлектері бітірді. Оқу орнынан білім алған елге танымал ғалым ұстаздар: С.Қазыбаев, Ш.Аманқосова, К.Шаукенов, М.Орашева, У.Қыдыралин, Қ.Сейталиев, Ғ.Нығметова, Х.Ахметжанов, Д.Канцев, М.Ізмұханов, қайраткерлер: М.Ғабдісәлімова, Д.Асанғалиев, З.Ғұмаров, М.Мұхтаров, Х.Кенжеғалиев, О.Сұлтанғалиев, А.Жанғазиев, Х.Өтегенов, Р.Өтепқалиев, И.Көппаев, К.Бектеміров, Т.Кенжеғалиев, С.Хайдаров, С.Оразов, С.Ходина, Х.Сармурзаева, У.Ахметов, К.Кажкенов, халық ағарту және мектеп басшылары Р.Тілесова, Н.Сусленко, Т.Липатов, С.А.Папов, Ж.Мышанов, Ж.Бисенғалиев, С.Сарбаев, Ж.Ақтаев, З.Зұлхашев, Н.Мұхаметалиев, Ш.Өтегенов, Қ.Шудабаев, С.Құрманбаев, А.Қаленова, Е.Құлжанов, Ж.Қаражігітов, А.Қағазғалиев және т.б. Республикаға еңбегі сіңген ұстаздар: Ж.Уәлиева, Б.Хисмеденова, К.Шапошникова, Д.Байбосынов, ақын-жазушылар: Н.Әбуталиев, Н.Оразов, Т.Жауыров, М.Қарақұнақова, Қ.Ғабдешов, өнер иелері: Ж.Назаров, Г.Абубакирова т.б. бітірді. Қазақ КСР-нің министрлер Кеңесінің шешіміне сәйкес 1976 жылы Гурьев қаласында педагогикалық училище қайта ашылып, 1980 жылға дейін Көшенов Жаукен Хайырлыұлы директор болып еңбек етті.Ол қызмет істеген уақытында үш мәселеге ерекше көңіл бөлді: материалдық-техникалық база жасақтауға; мамандарды іріктеуге; училище студенттері мен мамандарды жатақхана және үймен қамтамасыз етуге. 1977-1978 оқу жылы оқытушылар мен оқушылар күшімен 493 оқу-көрнекілік плакат-таблицалар жасақталды. Кітап қоры бұл жылдары 2140-тан 4090-ға өсті.
Жаңа ашылған училищенің алғашқы ұстаздары С.Қ.Қабделов, А.А.Әбенова, В.А.Кулгаев, Б.З.Ищанов, М.Ш.Шағраева, Р.А.Абишева,Ш.Ж.Ахметова, Л.Н.Абисатова, Л.Н.Плетнев, Ж.К.Калимова, И.О.Олжабаева, Т.Ә.Сәрсенғалиева, М.Н.Сергеева т.б.болды. Директордың оқу ісінің орынбасары-Кульгаев Вячеслав Александрович, бас есепші-Құттыбаева Мағрипа Серғазықызы, шаруашылық жөніндегі орынбасары-Насыров Қадырғали болды.

1976 жылы 90 студент бастауыш мектеп бөліміне, 90-ы мектепке дейінгі тәрбие бөліміне, барлығы 180 студент қазақ және орыс топтарында оқыды. 134 оқушыға арналған 34 бөлмелі жатақхана болды. Математика және жаратылыстану негіздері, тарих, қазақ және орыс тілдері, педагогика, психология, саз, сурет,ән және дене шынықтыру барлығы төрт пән бірлестіктері жұмыс істеді. Студенттерге қосымша білім беру, дамыту мақсатында бес пән үйірмесі жұмыс жасады. Олар әдебиет (жетекшісі Ж.Қ.Қалимова), фото (С.Қ.Қабделов), анатомия (Н.Б.Жамилова), математика (У.Ш.Масабаев),педагогика және психология (Х.С.Сахипова) үйірмелері еді.

1978-1979 оқу жылында оқу орнының алғашқы түлектері өмірге қанат қағып, облыс мектептеріне жол тартты.Сол жылы 173 түлектің 21-і үздік бітірді. Училище студенттері Гурьев және ХХІ партсъезд совхоздарында көкөніс жинауға белсене қатынасты. Оларға концерттік бағдарлама ұйымдастырылып тұрды. Студенттердің белсенді еңбегі үшін шефтік Гурьев совхозы 30 оқушыға тегін туристік жолдама және 60 көркем әдебиетті кітапхана қорына сыйға ұсынды.

Училище тарихын жинақтау «Ізшілер» үйірмесі арқылы ұйымдастырылып, оқу үрдісін жасақтап, мәдени қызметті көтеру жұмыстары 1980-1986 жылдар аралығында Қаратасова Жұмазия Дәулетқызы басшылық еткен жылдары жақсы жолға қойылды. Сабақтар арнайы жабдықталған кабинеттерде өтті, үйірме жұмыстары қолға алынды. Бұл жылдары ұжымда 70-ке тарта ұстаз еңбек етті. Күндізгі бөлімде жыл сайын 560 студент, сырттай бөлімде 210 студент білім алды. Оқу бағдарламасын сапалы жасақтауға көңіл бөлініп, мәдени қызметті көтеру жұмыстары жолға қойылды. «Студент көктемі» атты көркемөнерпаздар байқауларында студент жастар жүлделі орындарды иеленіп, табыстарға қол жеткізіп жүрді. Өздерінің ұстаздық жолында тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіспен танылған У.К.Қапанова, А.Қ.Қаленова, Д.А.Масатова, Х.С.Сахипова, Д.А.Құсайынова, А.А.Әбенова, М.Н.Сереева, С.Т.Есқазиева т.б. ұстаздар есімі атауға лайық.1986-1987 жылдары мектеп реформасының міндеттеріне сай ұстаздардың саяси идеологиялық және оқу-әдістемелік шеберлігін жетілдіруге философия ғылымының докторы, училище директоры Ермеков Құрамыс Ермекұлы ерекше көңіл бөлді.Ұжымда 80-ге жуық мұғалім еңбек етті. 333 студент білім алып, 21-і үздік бітірді. Училищенің материалдық-техникалық базасы толықтырылып, пән кабинеттері жабдықталды. 6 жасарлармен жұмыс істеу жолға қойылып, оқытушылардың әдістемелік шеберлігін жетілдіруге көңіл бөлінді. Студенттердің өзін-өзі басқаруы, студенттердің мектептермен байланысы жақсартылып, педагогикалық іс-тәжірибені мектептерде өткізу қолға алынды.
1987-1999 жылдары оқу орнын Мұрсалиева Рәшилә Қабиқызы басқарып, жастардың білімі мен мәдени деңгейінің көтерілуіне, адамгершілік болмысының қалыптасуына, жақсы бастамаларға қолдау жасап, көптеген істер атқарды. Іскерлік, ұйымдастырушылық қасиетімен танылған басшы оқу орнының білім саласындағы жаңа мазмұндағы сипатқа ие болуына сүбелі үлес қосуда өрнегі өзгеше жылдар болды. Халқымыздың ұлттық «Наурыз» мейрамын қала көлемінде өткізуді алғаш ұйымдастырып, халықтық салт- дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығының құндылықтарын болашақ мамандарға танытудың үлгі-өнегесін көрсетуде насихатшы бола білді. Алғаш «Тіл мерекесі» білім ордасында ҚР Білім министрі Е.Ә. Мәмбетқазиевтің қатысуымен ұйымдастырылып, жастардың патриоттық сезімін оятты.
1992 жылы «Халықтық педагогиканы ұйымдастырушы» қосымша мамандығы ашылды. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Білім беру министрлігі шешімімен №216 бұйрығы негізінде 24 сәуірде педагогикалық училище педагогикалық колледжі болып бекітілді. 1997 жылы мәдени-ағарту училищесі педагогикалық колледжімен бірігіп, Атырау гуманитарлық колледжі болып қайта құрылды.
Оқу орны болашақтың өнегелі ұрпақтарын тәрбиелеу үшін білім беру жүйесін жаңаша ұйымдастырып, нарықтық қатынастарға оңтайландырып, берілетін мамандықтардың өміршең болуын мақсат етті. 1998 жылы колледжде шет тілі (ағылшын), информатика (қосымша) мамандықтары ашылды. 1997 жылдан бері «Өнер және мәдениет» бөлімі студенттерінің шығармашылық жұмыстары қалалық, республикалық көрмелерге қатысып, сертификат алып, жыл сайын «Шабыт» көрме-жәрмеңкесінен жүлделі орындарды иеленіп отырды. Білім беру жүйесі жаңаша ұйымдастырылып, нарықтық қатынастарға лайықталып, берілетін мамандықтардың өміршеңдігі басты назарда ұсталды. 1997 -2007 жылдар аралығында 14 оқытушы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Олар: Р.Қ.Мүрсәлиева, Б.Қ.Тыныбаева, С.Қ.Қабделов, М.Н.Құсайынова, М.Н.Сергеева, Р.Х.Шафиева, Ж.Қ.Қалимова, Т.П.Жигулевцева, Г.Н.Төлесінова, Д.А.Масатова, Т.А.Сәрсенғалиева, Т.Д.Абақанова, А.Х.Сарбалина, Қ.Қ.Қуанышқалиев. Білім ордасында Ф.Оңғарсынова, Х.Ерғалиев, Н.Әбуталиев сынды ақын-жазушылармен, Р.Рымбаева, Н.Өнербаев сияқты өнер жұлдыздарымен мазмұнды кездесулер өткізілді.1992 жылы педагогикалық колледжге ұлағатты ұстаз Қатира Дүтбаева есімінің берілуі, 1994 жылы оқу орнын кеңейтіп, басқа ғимаратқа орын ауыстыруы Рәшилә Қабиқызының іскерлік қасиеті мен еңбекқорлығының жемісі еді.1999- 2010 жылдар аралығында Тыныбаева Баянсұлу Қодасқызының басшылығымен колледжде заман талабына сай бәсекелестікке қабілетті мамандарды дайындау сапасын жетілдіру мақсатында жеке тұлғаның шығармашылық интеллектісін дамытуға, оларды ұлттық және адамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге бағытталған жұмыстар жүзеге асырылды. Аймақтық кәсіптік білім беру ұйымдарымен және облыстық, қалалық білім беру бөлімімен, облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтымен, мәдениет ошақтарымен тығыз байланыс жасалып отырды. Оқу-тәрбие үрдісінде бірнеше игі шараларды ұйымдастыра отырып, педагогикалық ұжымның алдына қойған мақсаттарды жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етті. Баянсұлу Қодасқызы еліміздің көптеген оқу орындарымен, облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтымен, республикалық ғылыми-әдістемелік басылымдармен іскерлік байланыс орната отырып, колледж оқытушыларының әдістемелік шеберлігінің өсуіне, шығармашылық жұмыстарының нәтижелі болуына жетекшілік етті.
Колледжде қоғамға және экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне бірігу- Қазақстан Оқу Ассоциациясы басшылық ететін «Оқу және жазу арқылы Сыни Ойлауды Дамыту» бағдарламасымен оқытудың орталығы білім беру департаментінің ұйғарымымен (2002ж.) ашылып, RWCT (СТО) оқыту жобасының нәтижелі жұмысы үшін (2004ж.) «Кәсіби Даму мектебі» құрылды. Бұл жобаға RWCT тренері Есқазиева Сара Тасмұхамбетқызы жетекшілік етеді.Ол оқытушылар мен болашақ мамандарға, облысымыздағы жалпы білім беретін мектептер мен кәсіптік білім беру ұйымдары ұстаздарына СТО жобасының оқыту әдістерін жоспарлы семинарлар өткізу арқылы оқыту мен үйрету үлгісін көрсетіп, ұстаздардың кәсіби шеберліктерін дамытуға мол үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда “Сыни ойлауды дамыту” орталығы тұрақты жұмыс жасап отыр.

Колледж басшылығына 2010 жылы келген Қарабаева Айжан Сәрсенқызы облыс педагогтар қатарының кәсіби мамандармен толығуына, білікті ұстаз дайындау сапасының артуына үлес қосты. Жас басшы білім ордасына тың идеясымен келді. Білім беру стандартына сай оқытуға, өз мамандығымен қатар қосымша мамандықты игеру үшін кәсіби білікті мамандарды жұмылдырды. Тәрбиешінің көмекшісін дайындайтын қысқа мерзімді курстар ашылып, заман талабына сай, сұранысқа ие мамандар дайындалды. Белсенді студенттерді оқу-тәрбие процесімен қатар қоғамдық ортаға, саясатқа араластыруға көңіл бөлінді. Оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ұжымның инновациялы шығармашылықпен еңбек жасауына қомақты үлес қосты. Лауазымдық қызметімен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласа жүріп, үздіксіз ізденіспен, жаңашылдықпен еңбек етті.

Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжіне 2011-2013 жылдары Рысқалиев Болат Құлмұханұлы басшылық етті. Жаңа педагогикалық және ақпараттық технологияларды пайдалану негізінде оқыту сапасына жоғары талап қоя білді, мұғалімдердің кәсіптік деңгейінің сапалық өсуін басты назарда ұстады. Педагогикалық ұжымның алдына қойған мақсаты: «Кәсіби құзіретті мамандар даярлауда оқу-тәрбие үрдісін ақпараттық-коммуникациялық технология негізінде ұйымдастыруды басқару» болды. Білім беру және кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында облысымыздағы жоғарғы оқу орындарымен, соның ішінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Атырау Мұнай және Газ институты және Атырау инженерлік- гуманитарлық институттарымен меморандумға отырып, қазіргі өндіріс талаптарына сәйкес кәсіби білім берудің мазмұнын жетілдіруді, халықаралық тәжірибені дамытуды және білім алушылардың кәсіби тәжірибесін ұйымдастыруды және өткізуді, түлектерді еңбекке орналастыруды ұйымдастыра білді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ата-ана-Оқушы-Мұғалім: Ниет пен іс» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, академиялық ұтқырлық аясында студенттер мен оқытушылар тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша М.Өтемісов атындағы БҚМУ-де Қ. Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі мен Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжі арасында серіктестік байланыс орнаған кездесу- семинары, Атырау гуманитарлық колледжіне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Қ.Дүтбаеваның есімі берілгеніне 20 жыл толуына орай алғашқы рет жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік оқу орындары студенттерінің арасында «Өткеннен мұрағат, өркенге-ұлағат» тақырыбындағы айтыстар Б.Қ.Рысқалиевтің басшылық етуімен жоғарғы дәрежеде өтті. Кәсіби білікті кадрларды дайындауда әлеуметтік серіктестікті дамытып, түлектерімізді жұмысқа орналастыру бағытында, 2012-2013 оқу жылынан бастап Атырау облыстық Білім беру басқармасымен келісе отырып, дуалдық жүйе элементтерін және көп тілді оқыту жүйесін енгізуге байланысты эксперименттік жұмыстарды енгізуге атсалысты.Бүгінгі таңда Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжін аталған оқу орнының түлегі –Қарабаева Айжан Сарсенқызы басқарады. Ғылыми –педагогикалық кадрларды даярлауға, олардың ғылыми өсуіне және кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше мән беріп, педагог мамандардың ізденушілігіне жағдай туғызып отыр. Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай білім беру жүйесін жаңартып, оның құрылымын, мазмұнын жетілдіруде білім негізі саналатын бастауыш мектеп үшін сапалы маман дайындауды мақсат етті. Оқу орнының материалдық – техникалық базасы (асхана, жазғы спорттық алаңдар) мен жұмыс ауқымын жүйеге түсіріп, ақпараттық технологиямен толық жабдықтау жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Колледждің 2010-2016 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарында көрсетілген сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, жастардың дамуы үшін оларды елдің әлеуметтік – экономикалық дамуына тартуға жағдай жасау бағыттарын жүзеге асыруда тың идеясымен, іскерлігімен педагогикалық ұжымға бағыт бере білді. Сондай-ақ, еңбек сұранысын қанағаттандыру үшін физика, математика, орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп тәлімгері мамандықтарын ашу көзделіп отыр. Алдағы оқу жылдарына жаңа оқу ғимаратының салынуын жоспарға енгізіп, оның жүзеге асырылуын жіті қадағалауда. «Нұр Отан» партиясының XV съезіне делегат болып сайланған Айжан Сәрсенқызы ұстаздар арасында партияның саяси Доктринасының қағидаларын насихаттап, мақсатты жұмыстар жүргізуді қамтамасыз етті.